ӨЗБЕКСТАН ЖӘНЕ ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КЕШЕГІ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ХАЛ-ЖАЙЫ

Дүние жүзіне тарыдай шашырап кеткен халқымыздың әдебиетімен өнерін іздеп оны қағаз бетіне түсіру, ғылыми айналымға енгізу көптен бері ойда жүрген, күтулі ғылыми жобалардың бірі болатын. Осы мақсатта өткен 2011 жылдың ортасына таман шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың әдебиеті мен өнерін зерттеп-жинауға арналған жоба дайындалып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған арнайы мемлекеттік ғылыми зерттеулер жобалар қатарында бәйгесіне ұсынылған. Сол үмітіміз ақталып бүгінгі таңда көршілес алыс-жақын тәуелсіз мемлекеттерде орналасқан тарыдай шашырап жүрген қазақ халқының жинақы орналасқан диаспораларының ішінен ел арасында сақталынып қалған халқымыздың фольклорын, қазіргі әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрінің барын жинап келуге мүмкіндік алдық. Бұл іссапар бізге үлкен жауапкершілік жүгін артқаны да белгілі. 

2012 жылы 17 мамырда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдары Алматы әуежайынан Ташкент қаласын бетке алып әуеге көтерілдік. Көңілде күдік те, үміт те қатар бар. Күдігіміз, біздің сапарымыздың өтетін жерлеріне еркін жүріп тұруға толық рұқсат алмауымыз. Біздің сапарға сұрау салып рұқсат сұрауымызға ол жақтағы ресми мекемелер аса қуана қоймаған секілді. Бізді онда құшақ жая қарсы алар ешкімнің жоқтығы.  Үмітіміз, біздің шынайы ниетімізге өзбек ағайындар түсіністікпен қарап сапарымызға аса кедергі боларлықтай жәйттерден аулақ болармыз, ондағы достық қарым-қатынас орнатқан жаны жайсаң жақсы дос, қымбатты өзбек ағайындардың жүрек жылуынан қуат алған көңіліміз болатын.

Жасыл желекке оранған Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласының орталық алаңында архитектуралық сән-салтанатымен бой көтерген мұражайлар мен кітапханалар, салтанатты сарайлар ерекше көз тартып бүгінгі тәуелсіз Өзбекстанның алған бағытымен бағдарын, өзіндік ұлттық бет жүзін айқындауға баса назар аударғанын анық көрсетеді.

Қазақстандағы секілді көрші өзбекстандық халықтар да көп ұлттан құралған. Оны біз сол кешке аты әлемге танылған Марк Вайгельдің «Ильхом» театр студиясын бітіруші жастардың «Махалля-Ильхом» атты жұмысынан көрдік. Әр ұлт өкілдерінен жиналған театр студия бітірушілері осы күнге арнайы пьеса жазып «ұлтымыздың, наным сеніміміздің әр түрлі болуына қарамастан біз үлкен махаллямыз (ауыл, қауым), қуаныш, күйінішіміз осы жерде бірге көреміз» деген негізгі идеяны көрсетуге күшсалған. Бір махалляда тұратын әр ұлттың өкілдерінен құралған адамдардың тынысын актерлер жеңіл ирониямен көркем орындап бере алды.

Сол көптеген ұлттардың ішінде бізді қызықтырған мәселе Өзбекстандағы қазақ қандастарымыздың хал-ахуалы. Сапарымыздың ыңғайын 2012 жылдың 19 мамырында болатын Өзбекстан қазақтарының құрылтайына ыңғайлап шыққандықтан бұл сұрағымызға жауап алармыз деген үмітіміз болды. Белгіленген күні ертемен Қазақтардың қауымдастығы орналасқан мәжіліс болатын орынға бардық. Ташкент қаласында республикалық Байнал Милал мәдениет үйінде Өзбекстан Республикасының түкпір-түкпірінен келген Өзбекстандық қандастар ортасында Алматыдан барған біздер, әркім өзінің зерттеу объектісін, соған жақын адамдарын іздеп мидай араласып кеттік. Жергілікті жердің ресми өкілдердің қатысуымен өткен бұл жиында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексенбин мырза, Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынан қауымдастық хатшысы, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаев, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері және өнерпаздар қатысты.

Құрылтай кезінде «Өзбекстандағы қазақ халқының саны қазір қанша?» деген сұрағымызға әр түрлі жауаптар беріліп жатты. Бір жарым миллионнан асатын қалың ел бар дегенді айтқандар болғанымен, трибунаға шыққан шешендер аузынан «бір миллионнан асатын, миллионға жуық» деген сандар айтылып жатқан болатын. Қалай болғанда да, өздерінің тарихи отаны деп санайтын Қазақстанға бұл мемлекеттен бет түзеген көштің қоңды болуы, соңғы жылдары бұл республикадағы қазақтардың статистикалық көрсеткіш санын азайтып жібергендігін байқадық. Бұл сұрағымызды аяғына дейін жеткізейік деген оймен арнайы Өзбекстан Үкіметі канцеляриясының өткен 2011 жылғы желтоқсан айында берген деректеріне жүгіндік. Бұл ақпарат Өзбекстан Республикасы жер ресурстары жөніндегі геодезия, картография және мемлекеттік кадастр ресми мекемесінің дерек көзінен келтіріліп отыр. Сөйтсек,мемлекеттік статистикалық комитеттің ресми дерегі жоғарыда айтылған сандардан әлде қайда төмендеген екен.

Ресми мәліметте Өзбекстандағы қазақ диаспорасының жалпы саны -  831200 адамды құрайды. Республикада қазақ халқы тығыз орналасқан облыстардың алдыңғы қатарын: Ташкент облысы – 339800,Қарақалпақстан Республикасы – 306900, Науайы облысы – 49600, Ташкент қаласы – 45900, Жизақ облыстары – 31300 құрайды екен. Одан кейін саны жағынан азшылықты құрайтын Бұхара облысы  – 19700, Сырдарья облысы – 14600, Хорезм облысы – 11500, Самарқанд облысы – 4900, Сұрхандария облысы – 2300, Қашқадария облысы – 1800, Ферғана облысы – 900, Наманган облысы – 800, Әндіжән облысы – 700 қазақ бауырларымыз тұрады екен [1].

Ресми статистика көрсеткендей, кезінде қалың орман болып көрші республиканы мекен еткен, ол жерді өздерінің туған отаны санаған қандастарымыздың бүгінде атажұртқа алаңдауы айқын сезіледі. Ол жерде қалғандардың да ойында балаларының болашағын ата жұртпен байланыстыруға, мүмкіндік тапса қолайлы қоныс іздеу ниеттері бар екендігін көрдік. Осындай көңіл-күйді біз көрген, араласып сөйлескен қандастарымыздың ойынан оқығандай болдық.

Елдің жайына келсек, қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының басым бөлігі қазақтар тығыз орналасқан елді мекендерде бір қалыпты жалғасын тауып жатыр. Десекте, халқының санымен бірге, мектеп жасындағы балалар қатары  азайған жерлерде қазақ мектептерінің халі құлдырап бірте-бірте өзінің тұғырынан тая бастаған. Есесіне аралас мектептер қатары көбейетін секілді. Келешекте көші-қон бағыттағы осы тенденциямен алға жылжитын болса, ендігі бірнеше ондаған жылдар ішінде Өзбекстандағы қазақ тіліндегі мектептерді тек мұрты бұзылмай ұйысып отырған қазақ ауылдарынан көруіміз ғажап емес. Ал қалғандары көшіп кеткен үйді сатып алған өзбек ағайынның балаларымен толып мектептердің ұлттық пайызы мен сандық құрамы тұтастай өзгеретін секілді.

Мектептердің материалдық хал-жайы, қазақ тіліндегі оқу құралдарының жазылуы, кітаптарымен қамтамасыз етілуі бағытында біраз жұмыстар атқарылып, келешектің жоспарында бар біраз шаруалардың басы шалынған. Қазақ тіліндегі мектептерге арналған оқулықтар жазып оқушыларымыз сол үлгіде Өзбекстан Білім министрлігі бекіткен көрші мемлекеттің ішкі саясатымен өмір сүруде. Арнайы қазақ тіліндегі оқулықтар жазылып балалар оқытылып жатыр да. Бірақ, бұл оқулықтардың дені ана тілі, қазақ әдебиетіне байланысты қамтылған. Ал қалған негізгі пәндердің оқулықтары мен оларды оқытатын оқытушылар құрамының жетіспеушілігі бұл пәндерді түбінде өзбек тілінде оқытуға алып келетін секілді. Бұл да ертең қазақ мектептерінің жабылып қалуына байланысты айтылар мысалдардың біріне айналмақ.  Алайда оларға республикамыз тарапынан оқу білім саласында бар қолдан келер көмек беру қажеттілігі өткір сезіледі. Республикалық газет-журналдардың қазақ мектептеріне қол жетімділігінің кем болуын, мүлдем жетпейтіндігін көріп біле тұрып өкінбеске шараң жоқ. Еліміздегі қазақ тілінде шығып жатқан көп санды көркем әдебиетті, негізгі республикалық газеттер мен журналдардың Өзбекстанға жеткізілуі, олардың таралуын армандаудың өзі де біз үшін бір үлкен арман секілді болып көрінді. Қалай болғанда да қазақ мектептерінің оқушылары, олардың кітапханалары қазақтың кешегі мен бүгінгі ақын-жазушыларының көркем туындыларына аса зәру. Бұл қазақ мектептеріне оқу құралдары мен оқулықтар, әдеби кітаптардың жетімсіздігін көрдік. Кинемех ауданында орналасқан орыс-қазақ орта мектебінің директоры Алматыда қазақ тілінде басылып шыққан бірнеше  кітаптарды зор мақтанышпен көрсетті. Бұл кітаптар оқу бітіріп кеткен, қазір Қазақстанда оқитын, өмір сүріп жатқан осы мектеп түлектерінің ұшқан ұясына тартқан сыйы екен.

Низами атындағы Ташкент педагогикалық институты өзбек тілі мен әдебиеті факультетінің жанынан құрылған қазақ филологиясы бөлімінің студенттермен кездесіп, сұхбаттасқанда, кездесу барысында Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтарың жай-күйін, әдебиеті, өнері,  мәдениеті жайында мәліметтер алынды. Аталмыш институтта М.О. Әуезов дәрісханасы ашылған екен, сол дәрісханада болып сол институтта білім алып жатқан студент жастармен кездесу ұйымдастырылды. Мұндай қазақ тілі мен әдебиетінің кафедрасы Нөкістегі Әжінияз атындағы Мемлекеттік универститетінде де бар, онда орта мектептерге мұғалімдер дайындайды.

Қазақтың жазушы драматургі С.Балғабайдың «Ең әдемі келіншек» спектаклін жақында Өзбекстан Ұлттық драма театры қойған екен. Қоюшы режиссері, орындаушыактрисаларымен кездескендежәне Қарақалпақстанның Бердақ атындағы мемлекеттік драма театрының сахнасында осы және өзге де қазақ авторларының пьесалары жиі қойылатынын көре отырып, мәдени барыс келіске аса бір кедергі жоқтығына қанағаттанарлық сезімде боласың. Өзбек авторлары мен режиссерлерінің қазақ театрлары сахнасына қойып жатқан шығармалары да жетерлік. «Түркістан» концерт сарайында мерекелік концертте өнер көрсеткен көркемөнерпаздар, ұлттық орталықтардың көркемөнерпаздары, өзбекстандық ән-би ансамбльдерінің және қазақстандық өнерпаздардың концерті осының дәлелі. Мұндай деректер екі елдің туысқан халықтары арасындағы өмірге, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарындағы ортақ байланыстың бар екендігін көрсетеді. Бірақ мұндай сыйластықты өмір сүру қарапайым халықтың, өнер мен мәдениеттің адамдарына қиын болмаса да, белгілі күштер ықпалымен бұл жақындасу күрделене, қиындай түсетін секілді.

Ташкенттегі қазақ мәдени орталығы кітапханасында болып жергілікті қазақ авторларының біраз кітаптарымен таныстық. Елшілік Қазақстанда шыққан біраз жаңа басылымдарды мәдени орталықтың кітапханасына тарту еткен екен. Қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінің бүгінгі хал жайымен таныстық. Аптасына екі рет қазақ тілінде шығатын бұл республикалық газет бүгінде 4000 данамен ғана тарайды екен. Өкінішке орай газетті Қазақстан алмайды, ал Қазақстаннан шығатын газет-журналдарды Өзбекстандағы қандастарымыз алмайды, оқымайды. Бұл ақпараттық шектеу біздің қандастарымыз үшін ауыр тигенін көреміз. Арадағы барыс-келіске шек қойылмаса да ақпараттық құралдардың еркін жетпей жатуы, халықтың арасын бұрынғыдай жақындатып тұрған жоқ.

Өзбек фильмнің бірнеше сәтті туындыларын жасаған продюссер, кинорежиссер Фируза Егембердиева, ақын, теле жүргізуші Анар Нәлібаева, Өзбекстанның Науайы атындағы Үлкен опера және балет театрына барып сол жерден драмалық сопрано дауысты театрдың белді әншісі, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты Айтжанова Гули мен театрдың дирижерінің бірі Қарақалпақстанның халық артисі, Өзбекстанның Еңбек сіңірген әртісі Аида Абдуллаева секілді қандастарымыз бүгінгі таңда осы елдің аузына ілігіп жүрген қазақтың талантты қыздары. Олар өнерпаздардың спектакльге дайындық сәтін және осы музыканттардың қатысуымен Дж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» классикалық спектаклін «Түркістан» концерттік залында тамашаладық. Сонымен бірге бүкіл шығармашылық ғұмырын кеңестік кездегі өзбекстандық танымал «Лязги» фольклорлы-этнографиялық ансамбліне арнаған апалы сіңілі Алмагүл және Үрбігүл Сүйербаевалардың да үлкен еңбегін атап өткен орынды. Сырнай, баян аспабында, жеке дауыста және дуэт үлгісінде әнші болып дүниенің төрт бұрышын шарлаған бұл қазақтың өнерпаздарының бауырлас өзбек өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегінің орны еркше болатын. Бұл бүгінгі өзбек жерінде шығармашылықпен айналысып жүрген көп санды өнерпаз тұлғалардың аз ғана санды белгілі өкілдері.

Самарқанд қаласында әл-Бухари ескерткіш-комплексіне болдық. Сол жерде келушілерге жол көрсетуші дөңгелек жүзді, келбеті қазаққа келеді-ау деген бір азаматтан «қазақсың ба?» деп сұрап қалғанда «жоқ, қыпшақпын» дегені. Бұл жерде аз, өз үйірінен алшақтау, шашыраңқы орналасқанқандастарымыз жергілікті өзбек ағайындардың арасына сіңісіп кеткендей әсерде болдық. Осыдан, түбінде жергілікті саны көп халықтың құрамына сіңіп, ассимиляцияға ұшырап кетері анық қауіпті көргендей болдық.

Қазіргі Өзбекстан аумағында қазақ халқының біраз белгілі тұлғалары мәңгілік мекен тауып жерленген екен. Бұрын атын естігеніміз болмасабарып көзімізбен көргеннен кейінғана біз заманында хан мен батыр, шешен мен би болған бабалардың айбынды рухын, өшпестей салып кеткен ізін молынан көріп қайттық. Солардың ішінде ерекше аттары аталатын тұлғаларға Ташкент қаласының қақ ортасында жатқан Шайх Хованд Тахур мен Қалдырғач би атанған Төле би Әлібекұлы (1663-1756) мавзолейіне, Самарқанның билеушісі болған және сол жердегі Махтум-Ағзам қорымына жерлеген Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлына (1763-1850) және Науайы облысының Нұрата қаласында жерленген Сейітқұл әулие мен оның ұрпағы Әйтеке би Байбекұлының (1653) кесене кешеніне ат басын тіреудің сәті түсті. Осы жолда біздің тағы бір батыр бабамыздың басына барып құран бағыштаудың жолы түскенін айта кетуіміз керек. Ол Хорезм облысының Гүрлен ауданы мен Қарақалпақстан Республикаларының Маңғыт ауданының шекарасына орналасқан қойымшылықта жергілікті халық Ғайып ата атаған Сырым Датұлының (1752-1802) жатқан орны. Барлық жерлерде халқымыз өзінің ардақты ұлдарына арнап күмбез-кесене, кешендері тұрғызып, мемлекет және жеке тұлғалардың тарапынан қаржыландыруы арқылы күтіп бапталған, зиярат етіп барған халық үшін жақсы әсер қалдыратын жинақы да күтімі жақсы қасиетті орындарды көріп марқайып қайттық. Сол жерлерде отырған шырақшыларға ата бабалар әруағына құран бағыштап мән жайға қанығып қайтудың өзі бізге үлкен күш-жігер мен жаңа серпіліс бергендей. Бұл тарихи жерлер қазақ халқының келер ұрпақтарының зиярат жасар қасиетті орындары болмақ.

Хорезм хандығының астанасы болған Хиуа қаласы өзіндік архитектуралық келбеті бар шығыстың көрікті де келісті қалаларының бірі. Ашық аспан астына орналасқан мұражай-қаланың бізге айтар сыры да көп екен. Бізге жол көрсетіп жүрген нағашысы қазақ Ділмұрат деген жігіт қаланың қақ ортасында айналасы өзгешелеу жерленген үш ересек және бір кішкене баланың мүрдесі жатқан қойымшылықты көрсетіп,осы мәйіттердің белгісіз қазақтардікі екенін айтты. Осы жерде орналасқан көп санды медреселерде ХVIII-ХІХ ғасырларда Ауғанстан, Иран, Үндістан, Қоқан, Бұхара т.б. мемлекеттерден талапты да білімге құштар талантты жастар, кейін ғұламалар оқып, тәрбие алғандығы жайлы айтылып та, жазылып та келеді. Солардың бірі Шерғазыхан медресесі күллі қазақ үшін ерекше пір тұтылатын құдреті күшті әулиелердің бірегейі Бекет ата атымен тікелей байланысты. Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813) 1767 жылы алғашқа арапша сауатын ашқаннан кейін Хиуа қаласына келіп аталмыш медреседе жеті жыл шамасында дүние ілімдермен бірге арнайы шариғат заңнамасы (фиқх) және тариқат, сопылық ілімі (тасаууф) бойынша оқыған екен. Міне осы медресені Бекет білікті ұстазы Мұхаммад Бақыржанның шәкірті болып аяқтағаннан кейін үлкен қасиет иесі болып қалыптасып, барша мұсылман әлеміне танылады.

Қорыта айтқанда, көрші жатқан өзбек, қарақалпақ еліндегі қазақтардың кешегісі мен бүгінгі хал-жайы күрделі даму процесін басынан кешуде. Қазақтар бұрынғы өзіндік салт-дәстүрін сақтап қалу мен қазіргі уақыт талабынан шығу үшін тарихи дамудың сүзгісінен өтіп сұрыпталуда. Қазақстан үшін Өзбекстан мен Қарақалпақстан:

Бүгінгі Тәуелсіз Өзбекстан Республикасы мен Қарақалпақстан Республикасы – қазақ халқының ірі санды диаспорасының ата мекені;

Бүгінгі Өзбекстан жері – қазақ халқының ХVІ ғасырдан келе жатқан көне тарихының ұмытылмас беттері мен тарихи тұлғаларының ізін сақтаған қасиетті топырағы;

Өзбекстан – халқымыздың мемлекет басқарған хандары мен қол бастаған батырлары, төрелік айтқан билері мен  ел еркесі болған сал-серілерінің айшықты ізі қалған көненің көзі болған құнды дерек көзі.

Бұл мемлекетте қазақтардың салт дәстүрі, өнері мен мәдениеті:

Бұл елді қоныстанған қазақтардың бұрыннан бар көне салт-дәстүрі мен ғұрып-әдеттері уақыт үрдісімен жұтылып барады;

Дәстүрлі өнер өкілдерінің аға буыны өмірден өтіп, орта, жас буынның басым бөлігі ата жұртқа қоныс аударуы себепті ұрпақтар арасында байланыс жібі үзіліп, ол жердегі ұлттық өнер мен әдеби шығармашылық процесс ақсауда;

Жазба ақындар-жазушылардың шығармашылығы дамып, үлкен қалаларда, газет-журнал шығатын жерде қазақ тілінде жинақтар, кітаптар басылып шыққанымен, ауылды жерлерде өнер мен мәдениет қолдауды қажет етеді;

Қазақ ішінде кең тараған ерекше жанр – айтыс өнері де бұл жерде кезінде осы өнердің жанашырларымен едәуір жанданған болса да, қазір қамқорлықтың жоқтығынан кері кетіп, құлдырап  жоғалып барады;

Осыншама қалың ел қазақтар отырған облыстар мен аудандарда өздерінің салты мен дәстүрін сахнадан көрсетер қазақ ұлттық театрының болмауы ойлантады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Этноконфессиональный атлас Узбекистана. / Ответ. редактор М. Ахмеджанов. – Ташкент, 2011.

Аманкелді  МҰҚАН, өнер тану кандидаты  (Алматы қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты

Categories: Жаңалықтар

Leave a Reply